2026 жылғы 8 қыркүйекте Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «№3 Қалалық емхана» ШЖҚ КМК базасында Филиппин Республикасынан келген медицина мамандарының делегациясымен жұмыс кездесуі өтті.
Делегация құрамына түрлі мамандықтар бойынша 35 дәрігер кірді.
Сапардың негізгі мақсаты – кәсіби тәжірибе алмасу, №3 Қалалық емхананың қызметін ұйымдастырумен танысу, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерімен танысу, сондай-ақ Қазақстан мен Филиппин медицина мамандары арасындағы кәсіби және халықаралық ынтымақтастықты дамыту болды.
Кездесу барысында шетелдік мамандар алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастырумен, №3 Қалалық емхананың негізгі қызмет бағыттарымен, мекеменің құрылымымен және халыққа медициналық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерімен танысты.
№3 Қалалық емхана директорының міндетін атқарушы Г. С. Айтбаева емхананың қызметі, оның құрылымы, негізгі жұмыс бағыттары, қолданылатын заманауи тәсілдері мен мекеменің мүмкіндіктері туралы таныстырылым жасады.
Халықаралық медициналық туризмді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қонақтарға шетелдік пациенттерге диагностикалық, емдік және оңалту қызметтерін қоса алғанда, кешенді сүйемелдеуді ұйымдастыруға бағытталған «QAZAQ med travel» жобалық кеңсесінің қызметі таныстырылды.
Сондай-ақ кездесу барысында №3 Қалалық емхананың онкологиялық бейіндегі пациенттермен жүргізетін жұмысы, оның ішінде диагностикалық іс-шаралар өткізу және медициналық оңалту мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесу соңында одан әрі кәсіби ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу перспективалары талқыланды. Кездесу практикалық білім алмасу, медициналық көмекті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін талқылау және Қазақстан мен Филиппин Республикасы медицина мамандары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды алаңға айналды.