2026 жылғы 3 қараша · Халықаралық әріптестік

2026 жылғы 3 қарашада Алматы қаласында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «№3 қалалық емхана» ШЖҚ КМК басшылығы мен Мәскеу қаласы Денсаулық сақтау департаментінің Денсаулық сақтауды ұйымдастыру және медициналық менеджмент ұйымының директоры Елена Аксенова бастаған Мәскеу қаласының денсаулық сақтау жүйесі өкілдері делегациясының кездесуі өтті.

Кездесуге Мәскеу қаласының бейінді медициналық ұйымдарының, атап айтқанда, Мәскеу қаласы Денсаулық сақтау департаментінің «А.С. Логинов атындағы Мәскеу клиникалық ғылыми орталығы» және «С.С. Юдин атындағы қалалық клиникалық ауруханасы» өкілдері де қатысты.

Тараптар халықаралық медициналық туризмді дамыту перспективаларын, Мәскеу мен Алматы қалаларының медициналық қызметтерін ілгерілету, кәсіби тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен ақпараттық, талдамалық және ғылыми-білім беру бастамаларын іске асыру мәселелерін талқылады.

Бейнематериал

Сапардың мақсаты және емханамен танысу

Сапардың негізгі мақсаты Қазақстандағы медициналық көмекті ұйымдастыру тәжірибесімен танысу, №3 қалалық емхананың мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ ведомствоаралық деңгейде халықаралық кәсіби ынтымақтастық орнату перспективаларын, оның ішінде екі мемлекеттің денсаулық сақтау министрліктерінің бейінді құрылымдары арасында өзара іс-қимыл туралы келісімдер жасасу мүмкіндіктерін талқылау болды.

Кездесу барысында шетелдік мамандар алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру жүйесімен, мекеменің құрылымымен, емхана қызметінің негізгі бағыттарымен және халыққа медициналық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерімен танысты.

№3 қалалық емхананың директоры А.Б. Молдагасимова емхана қызметі, оның ұйымдық құрылымы, негізгі жұмыс бағыттары, кадрлық және материалдық-техникалық әлеуеті, сондай-ақ медициналық көмекті ұйымдастыруға енгізіліп жатқан инновациялық тәсілдер туралы жан-жақты таныстырылым ұсынды.

Симуляциялық орталық және профилактикалық қолдау

Атап айтқанда, шетелдік қонақтарға медицина қызметкерлерін практикалық даярлауға және олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, шұғыл медициналық көмек көрсету алгоритмдерін пысықтауға, сондай-ақ әртүрлі клиникалық жағдайларды модельдеу арқылы практикалық құзыреттерін арттыруға арналған Симуляциялық орталықтың қызметі таныстырылды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу орталығының жұмысы көрсетілді. Орталық қызметі балалар мен жасөспірімдердегі психологиялық және эмоционалдық мәселелерді ерте анықтауға, профилактикалық іс-шаралар жүргізуге, психологиялық қолдау көрсетуге, қауіп факторларын бағалауға және кәмелетке толмағандарға уақтылы пәнаралық сүйемелдеу ұйымдастыруға бағытталған.

Жасанды интеллектке негізделген цифрлық сервистер

Емхана қызметіне жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы енгізілген цифрлық шешімдер ерекше қызығушылық тудырды. Қонақтарға пациенттермен автоматтандырылған өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, қажетті ақпаратты ұсынатын және медициналық ұйым мен халық арасындағы байланыстың жеделдігін арттыруға мүмкіндік беретін жасанды интеллект негізіндегі виртуалды ассистент таныстырылды.

Бұдан бөлек, қашықтан консультация беру жүйесін дамытуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, пациенттер мен медицина мамандары арасындағы өзара іс-қимылды оңтайландыруға және цифрлық денсаулық сақтаудың заманауи құралдарын енгізуге бағытталған AI Doctor және Online Doctor цифрлық сервистері ұсынылды. Медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігін арттыру, уақыт шығындарын қысқарту және пациенттерді бағыттау жүйесін жетілдіру мақсатында цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Ұсынылған жобалар №3 қалалық емхананың алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін жаңғыртуға, инновациялық технологияларды практикалық қызметке енгізуге және халыққа медициналық қызмет көрсетудің заманауи моделін дамытуға бағытталған кешенді тәсілін көрсетті.

Медициналық туризм және кездесу нәтижесі

Халықаралық медициналық туризмді дамыту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Қонақтарға шетелдік пациенттерге диагностикалық, емдік және оңалту қызметтерін қамтитын кешенді сүйемелдеуді ұйымдастыруға бағытталған «QAZAQ medtravel» жобалық кеңсесінің қызметі таныстырылды. Емхананың шетелдік пациенттерді қабылдау және медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңдерінде оларды сүйемелдеу мүмкіндіктері көрсетілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға, сондай-ақ онкологиялық оңалту және медициналық туризм салаларындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын пысықтауға мүдделілік білдірді.

Аталған кездесу денсаулық сақтау саласындағы халықаралық байланыстарды нығайту, Қазақстанның медициналық әлеуетін ілгерілету және жоғары сапалы медициналық көмек көрсету саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.